Ассалаумағалейкум! Гость | RSS Жұма
29.03.2024, 09:26
Депті ғой...
кіру үлгісі
Бас бет Тіркелу Кіру
Сайт мәзірі
Кіші -чат
 
200
Іздеу
Күнтізбе
«  Наурыз 2014  »
ДсБсСсСрЖмСнЖс
     12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31
Архив
Сайт достары
  • Сайт құрау
  • Арнайы блог
  • uCoz туралы
  • системедағы FAQ
  • uCoz үшін инструкция
  • Компанияның барлық жоспарлары
  • Главная » 2014 » Наурыз » 2 » СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСКЕН СИРИЯ
    21:07
    СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСКЕН СИРИЯ



    Үш жылдан асып барады. Сирияның мәселесі шиыршық атып, шимайланып барады. Кімнің жеңері, кімнің жер болып жеңілері беймәлім. Бірақ! Барлық бүлікке ортақ бір сценарий бар. Ол – «әділеттілік» үшін диктаторға қарсы тұрған халық түптің түбінде жеңуі керек деген ереже. Немесе әлгілердің жеңуіне «әділет сүйгіш», «бостандық арқалаушы» Америка көмек береді.

    Сирияда соғыс басталғаннан бері Америка, «демократия» үшін қолына қару алған «халыққа» бірнеше рет көмектеспек болды. Себебі, көтерілісшілер әуелгіде Дамашықты басып алатындай көрінгенімен, бірер айдан соң жаппай жеңіле бастады. Жаулап алған қалаларынан біртіндеп айырылып қап жатты. Сэм көкенің көңіліне қаяу түсті. Жағдай жоспардағыдан күрт өзгеріп бара жатты. Ертерек сылтау табу керек еді. Тапты да. Башар Асад бейбіт халықты қырып-жоюда деді. (Бақайшағына дейін қаруланғандарды бейбіт жұрт десеңіз еркіңіз.) Американың айыптауы ақиқатқа сәйкес келуі үшін бүлікшілер біраз жұртты қырды. Сөйтті де, «мұны Асадтың әскері жасады» деп жала жапты. Бірақ соғыс ашуға бұл сылтау аздық етті. Башар өз халқына қарсы химиялық қару қолданды деп салды. (Есіңізде ме, Иракқа соғыс ашарда Сенатор журналистерге ішіне ақ ұнтақ салынған құтыны көрсетіп, онысын тура Саддам Хусейннің «жаппай қырып-жоятын қару» қоймасынан алғанын айтқан еді. Осы дәлел жеткілікті болды. Бағдад күл-талқан етілді. Хусейнді дарға асты. Бірақ әлгі «қырып-жойғыш» қару еш табылмады. Ал анау Сенатор кейін мойындады. Құтының ішіндегі ешқандай плутоний емес, жәй ас тұзы еді деді. Бірақ, бүкіл әлемді ақымақ еткен АҚШ-қа бұның қалай деген ешкім болмады. Кім мықты соныкі дұрыс.) Не керек, МАГАТЭ-сі бар, БҰҰ-ның өкілдері бар Шам жерінен апта бойына сұмдық қаруды іздеді. Табылмады. Амалсыз баса-көктеп кіру операциясын кейінге қалдырды. Сирияны сызып-ақ тастар еді, бірақ Американың қолын «үштік» байлап тұр. Ол - Ресей, Иран, Қытай.  Енді бұл үшеуі неге Сирияны қолдай қалды? Соған тоқталайықшы?!
                                          ИРАН НЕГЕ ҚОЛДАДЫ?
    Ирандікі түсінікті. Сирияның басшылығында отырған Башар Асад -алавит, оған бағынышты армиясы да алавит. Айтпақшы қызық дерек айтайын. Араб елдерінің барлығында төңкеріс болды емес пе?! Ливия, Египет, Тунис... Осы елдердің армиясы әуелгіде билікті қолдады. Бірақ... Бірақ бүлікшілер күшейгенде әскерилер төңкерісшілер жағына өтіп кетті. Мұны екі себеппен түсіндіруге болады:
    1) Генералдар, полковниктер күннен-күнге жағдайы мүшкіл тартқан Президенттен ертерек құтылып, «болашақ» қожайындарын мойындау – ең дұрыс таңдау деп білді.
    2) Екінші вариант. Бұл нұсқаны солдаттың көзімен қарап, түсіндірейік. Сіз полицейсіз немесе сарбазсыз. Алғашында көшедегі қара-құрым «тобырды» сіз де жақтырмағансыз. Күшпен болса да басып тәртіп орнатуға бейілді болдыңыз. Бірақ олар күшейіп кетті. Елде хаос. Осы кезде отбасыңды ойлай бастайсың. Олар сенің солдат екеніңді біледі. Кек алу мақсатында отбасыңа зиянын тигізуі де бек мүмкін. Күш сарқылып барады. Не істейсің? Аласың да, бүлікші топқа қосыласың, жаздым, жаңылдым деп. Отбасыңның амандығы үшін... Адами фактор. Сатқындық деп жазғыруға келмес...
    Ал Сирияда осы сценарийдің екеуі де болған жоқ. Бірде-бір солдат, бүлікшілер тобына қосылған жоқ. Бұл не сонда?! Президентіне көзсіз берілгендігі ме? Жоға-а-а-а. Әлгінде айттық, Сирияның президенті де алавит, армиясы да алавит деп. Тұтқынға түссе, бәрібір өлтіреді. Себебі Асадтың әскерімен «соғысып жүргендер»,  алавит біткенді кәпір санайды. Алавит, алавит дей бердік қой. Бұл қай топ, қандай ағым десеңіз айтайық. Алавиттер дегеніміз, бұл Иранның ресми ұстанымы - шиғалыққа жақындау ағым... Иран елінің Сирияға бүйрегінің бұруы да сол...
    Алавиттер билік басына, армияға қалай келді десеңіз, ол бөлек әңгіме. Өзі бұл ағымның өкілдері сүннилік Сирияда көп те емес. Ары кетсе 10 пайыз болуы керек. Асад әскерінің жаппай алавиттерден болуының сырын білу үшін 19 ғасырларға шегінуіміз керек болады. Сонымен ХІХ ғасыр. Осман империясы Еуропа мемлекеттерімен соғыстардың барлығында жеңіліс тапты. Азия мен Африкадағы иеліктерінен айырылды. Ливия, Алжир соңғысы Сирияны француз бен ағылшынның талауына берді. Амалсыз. Ағылшынның тәсілі бар-тын. Жаулап алған жерін – сол жергілікті халыққа қорғатып қоятын. Мәселен, Үндістан. Үнді жерін бағынышта ұстау үшін Англияға мыңдаған ағылшын солдатын ұстаудың қажеттігі болған жоқ. Ақша берді, карьерамен қызықтырды. Сөйтті де, жергілікті халықты әскерге тартты. Оларды – сипай деді. Сирия қолға өткенде де сол әдіске сүйенді. Сүннетті ұстанатын жұрт ағылшындарды жаулап алушы санады да, оларға қызмет етуге құлықты болған жоқ. Ал онсызда аз алавиттер  мұны зор мүмкіндік деп білді. Балаларын ағылшын армиясына жаздырды. Заман өзгерді. Ағылшындар колониясын тастап жайына кетті. Ал билік ағылшынға жағынған жұрттың қолына өтті. Жә, Иранның Сирия билігін қолдауының бір себебі – рухани жақындығынан еді дегенді айтпақ үшін көп сөйлеп кеттік-ау шамасы.
    Бұдан бөлек географиялық, стратегиялық жағынан да Иран Сирияға байлаулы. Шам елінен айырылса, Иранның солтүстік батысы ашылады да қалады... Иранға тиісерге қара таппай жүрген НАТО-ның да көксегені осы. Бірінші Сирияны сұлату. Дамашық құласа Иранды жаулап  алуы жеңілдей түседі. Сирия болашақ плацдарм. Иә, Иракта да АҚШ-тың базасы бар. Қажет болғанда сол жерден-ақ Иранға жорыққа шығуға болады. Бірақ ол базаға ағылшын, итальян, француз әскері қалай барады?! Мынау Сирия сырылып тасталмаса, Батыстың альянсы Африканы айналып баруына тура келеді... Қара құрлықты ең жүрдек крейсерің 10 күн дегенде әрең айналып өтеді. Соғыс кезінде 10 күнді жолға жұмсау, кешірілмес кемшілік. Ал мынау Сирия құритын болса, еуропалықтар Жерорта теңізі арқылы жүзіп келе салады. Қысқасы Сирия плацдарм.  Мұнан да бөлек себеп бар. Сирия кетсе Ливандағы «Хизбулла» тынышталады. Жолай Израильдің қауіпсіздігі де шешілмек.
    Біз Сирияның әскери-стратегиялық мекен ретіндегі маңыздылығына тоқталдық. Енді Шам елін құлату экономикалық та пайда әкеледі. Сирия кетсе, Ирактың мұнайын Жерорта теңізіне тура шығаруға болады. Суэц каналының, Парсы шығанағының қажеті жоқ. Жерорта теңізіне жетіп алса, қол созымда Еуропа. Мұның барлығын Иран сезіп, біліп отыр. Сол себепті де шамасы келгенше Шам еліне көмектесіп бағуда...
                                            
    СИРИЯДА ОРЫСТЫҢ ДА МҮДДЕСІ БАР
    Ал Ресей?! Ресей бұл кикілжіңге неге киліге қалды?! Бұл жерде де, орыс мүддесі бар. Біріншіден, Жерорта теңізінде Ресейдің әскери кемелерінің емін-еркін жүзе алуы Сирияның арқасы. Себебі Башар Асад орысқа өзінің бірнеше портты қаласын арендаға беріп қойған. Егер Ресейге басыбайлы билік төңкерілер болса, протобатыстық күштер басшылыққа келер болса, орыс кемелері Тартус, Алеппо порттарынан қуылады. Мұны бір деңіз. Екіншіден, бәлкім, Сирия дауына араласу арқылы ресми Мәскеу өзінің әлемдік аренада бар екенін білдіргісі келген шығар? Иә, ұмытып барамыз. Әлгінде айттық емес пе, Сирия құласа, еуропалықтарға Ирактың мұнайы мен газы жетеді деп. Бұл не деген сөз? Сирия құласа, Ресейдің Газпромы зардап шегеді деген сөз. Ол кезде газ Ресейге Еуропаны қорқытатын "таяқ" бола алмайды. Ирактың газы мен мұнайы Сирия арқылы Еуропаға төте жол табады. Одан қалды, орыстың іші сезіп отыр... Сирия кетсе, кезек Иранда. Иранда соғыс басталса, Кавказ ушығып кетеді...
                                            
    БЕЙБАРЫС-СЫМАҚТАР...
    Сирияда бүлік басталғанда көптеген араб монархтары «бүлікшілерге» қаржылай, қарумен көмектескен-ді. Небір шейх-сымақтар шығып, жихадқа шақыра бастады.
    Бір қызықты айтайын, араб көктемінің демімен Араб Әмірліктерінде, Сауд Арабиясында бұлғақ басталғанда, әлгі экрандағы шейх-сымақтар: - Әмірге қарсы шығу харам. Билікті төңкеру – харижиттік әрекеттерден,-деп еді. Мұнысы ақиқат еді. Бірақ дәл осы пәтуа – неге Сирияға соғысқа кеткендерге қарсы қолданылмады? Шам елінде қан төгіп жүрген, сонысын ғазауат санап жүргендерге тәйт, бұлай болмайды, -деп неге біреуі айтпады?! Орысша мұны «двойной стандарт» дейді. Керісінше, интернет беттері Сирияда халифат орнатуға шақырған пірлер мен машайықтарға толып кетті... Уағыз, үндеу, дағуатына құлақ түрші. Не дейді?
    - Башар Асад оңбаған. Билік мыңдаған мұсылманды қырып жатыр. Мүмин болсаң, тұр да Сирияға аттан...
    Стоп! Сирияда қазір жихад жүріп жатыр ма?! Жихад өзі кәпір басшыға қарсы жарияланушы еді ғой?! Башар Асадты кәпір дейтіндей, оның тасқа табынып отырғанын кім көріпті?! Керісінше, намаз үстінде көргендер көп...  Ал адасқан ағым, сектаның өкілі десек, онда басқа әңгіме!
    Жә, «қай жеңгенің менікі» дер ем. Бірақ бұл Сирияның бізге де қатысы бар.  Жихадқа, Сирияға деп аттанғандардың арасында қазақ жігіттері де өріп жүр. Біздің жігіттер ол жаққа не үшін кетті? Олар қай тұстан жаңылды?! 
    Жаңылған тұсы – жихадты дұрыс түсінбегендігі. Сол Сирияға аттанғандардың сөзін тыңдап отырып, біреуінің «Кәпірлер мұсылмандардың 1 см жерін басып алғанның өзі жихад жариялауға жеткілікті» дейді. Бірақ, Сирияны кім жаулап алыпты? Башар Асад па?! Оу, ол сириялықтардың өз ішінен шыққан адам емес пе?! Сайланған, заңды басшысы емес пе?!  «Басшыға қарсы шыққандарың маған қарсы шыққандарың» дейтін пайғамбар (с.а.с) хадисі бар емес пе?!
    Сосын мұсылман бәлекетке ұрынса, ең әуелі көршісі көмек береді емес пе?! Олай болса қоңсы отырған Сауд арабиясы, Катар, БАӘ тырп етпей отырғанда, 7 мың шақырым алыстағы біздің қазақтардың Сирияда не аласы, не бересі бар? Сол Сирияға кеткен қандастарымыз қандай тудың астында қан кешіп жүр?! Олар барып қосылған қарулы топтың ешқайсысын ешкім азат етуші армия деп таныған жоқ. Тиісінше, бұл Ислам діні бойынша қылмыс. Ол жаққа барғандар бүлікке себепкер болуда. Солардың кесірінен адамдар өліп жатыр. Тағы бір байқағанымыз, өздерін жихадшымыз дейтіндер ұл-қыз демей Асадты жақтады ма, қырып тастайтынын көрдік. Одан қалды, сарбаздың жүрегін жұлып жегендерді де көрдік. Бұл Исламға кереғар дүние емес пе?! Шариғат талабы бойынша кішкентай балаларды, әйелдерді, құлдарды өлтірмеу керек емес пе?! Сонымен қатар, мейлі ол кәпір болсын, өлгендердің денесін қорлауға болмайды деген бар. Ислам нені бұйырады, бұлар не істеп жүр?! Осындай былыққа батқан жерде, ең соңғысы шариғаттың шарттары орындалмай жатқан аймақта қалай дін үшін соғыс болып жатыр деуге болады?! Соңғы айтарымыз дін Ислам қанға боялған жерде емес, тыныштық бар жерде ғана қанат жаяды. Себебі Ислам – бейбітшілік деген мағына береді. Олай болса, бейбіт дін – бейбіт заманда ғана дамиды. Жастарымызға осыны түсіндіру керек. Иә, оларды да түсінуге болады. Дінге жаңа кірген адамда ынтадан гөрі эйфория басым болады. Дінге көмек бергісі келеді. Осы кезде, адасқан ағымдар «пәлен жерде пәленше мұсылман қырылды. Түген деген жерде мүмин қыз зорланды. Ертең Алла алдында қалай жауап қатасың? Мұсылман болсаң көмектесуге міндеттісің» деп, еркімен ойнайды. Еркінен айырылғандар қайдасың Сирия деп, сонда кетіп жатыр. Бірақ, соғысқа асықпас алдын бүліктің себебін білген ләзім. Сирияға жихад жариялайтындай кәпір мемлекет пе еді? Жоқ! Мыңдаған мешіті, жүздеген медресесі жұмыс істеп тұр. Керек десеңіз, еліміздегі талай дін маманы сол Сириядағы университеттерден білім алған. Ал ғазауат ашқыштар не бітірді? Есігі айқара ашық талай мешіт қирады. Діни университеттер жабылды. Олар Исламды жаюдың орнына жойып жатыр. Ақиқаты осы!          
    Нұрбек БЕКБАУ

    "Жебе" газеті, 9 қаңтар 2014 жыл

    Просмотров: 548 | Добавил: Jakup | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
    [ Регистрация | Вход ]

    Copyright MyCorp © 2024Сайт управляется системой uCoz